Германия корпоративтік салықты 25 пайызға қысқартуды көздеп отыр

1806

Германиядағы жұмыс орындарының 60 пайызы орта және шағын бизнестің үлесінде. 

Германия корпоративтік салықты 25 пайызға қысқартуды көздеп отыр

Ел экономикасы рецессияға ұшырау мүмкін деген күдік жергілікті билікті корпоративтік салықты 25%-ға азайтуға итермелеп отыр. Осылайша Германия шағын кәсіпорындарға жеңілдік жасап, экономиканы күшейтпек. 

Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, елдің экономика министрі Петер Альтмайер осындай ұсыныс тастаған. Айта кететін жайт, Германиядағы жұмыс орындарының 60 пайызы орта және шағын бизнестің үлесінде. Deloitte дерегіне сүйенсек, елдегі компанияларға салынатын салық мөлшер 30-33 пайызды құрайды.   

Ел экспортының төмендеуіне сауда соғысы мен Brexit төңірегіндегі тұрақсыздық әсер етуде. Германия өндірушілері бәсекелестік қабілетін арттыру үшін цифрлық технологияға инвестиция құюға ұмтылуда. Салық жүйесіндегі өзгеріс неміс компанияларының жағдайын жеңілдететіні анық. 

Альтмайердің бастамасы Меркель үкіметінің экономиканы қолдауды қолға алғанын көрсетіп отыр. DIW институтының дерегі бойынша, Германия өндірісі үшінші тоқсанда 0,2 пайызға қысқаруы мүмкін. Былай болған жағдайда Еуропадағы ең ірі экономика құлдырауға ұшырамақ. Бірақ үкімет жыл соңына дейін жағдайдың түзелетінінен үмітті. 

Альтмайер салықтың төмендеуі үкіметтің кірісіне қалай әсер ететінін айтпады. Ол Германияның қаржы министрі Олаф Шольцпен осы мәселе төңірегінде кездесу өткізбек. 

Табиғат Нұрболат
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу