Германияда парламенттік сайлаудың нәтижесі бойынша Христиан-демократиялық одақ пен Христиан-социалдық одақтың блогы жеңіске жетті. Партияны Фридрих Мерц басқарады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сайлау комиссиясы елдегі барлық 299 сайлау округіндегі дауыстарды санап бітті.
Фридрих Мерц басқаратын партия 28,6% дауыс жинады. Екінші орында "Германия үшін балама" партиясы орналасты – 20,8%.
Қазіргі канцлер Олаф Шольцтің жетекшілігіндегі Социал-демократиялық партия сайлауда 16,4% дауыс жинаған.
Төртінші орында "Жасылдар" партиясы тұр – 11,6%. Ал бестікті "Солшылдар" партиясы 8,8% қорытындылайды.
Екі ірі партия бундестагқа өте алмады. Олар "Сара Вагенкнехт одағы" (4,9%) және Еркін демократиялық партия (4,3%).
Болашақ канцлер Фридрих Мерц 20 сәуірге дейін жаңа үкімет құруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Олаф Шольц әріптесін жеңісімен құттықтады.