Германияның Любек қаласындағы университеттік клиникада 80 жастағы әйелге көз торына чип орнату операциясы жасалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW басылымына сілтеме жасап.
NDR мәліметінше, бұл – әлемде алғашқылардың бірі саналатын бірегей операция. Гизела Зудхоп есімді науқас жас ұлғаюына байланысты дамитын макулалық дегенерация ауруына шалдыққан. Соның салдарынан ол қалыпты оқып-жазу және адамдардың жүзін ажырату қабілетінен айырылған.
Өлшемі 2×2 миллиметр болатын чип көздің жарық сезгіш жасушалары жойылған тұста, торлы қабықтың астына орналастырылды. Арнайы көзілдіріктің көмегімен құрылғы айналадағы көріністі қабылдап, миға сигналдар жібереді. Енді 80 жастағы әйел оңалту курсынан өтіп, жаңа технологияны қолдануды үйренуі керек.
Бұған дейін бұл ауру емделмейтін дерттердің қатарына жатқызылып келген. Ол көру қабілетінің күрт нашарлауының негізгі себептерінің бірі саналады. Неміс офтальмологтарының бағалауынша, Германияда шамамен 7 миллион адам осы аурудан зардап шегеді. Олардың 480 мыңға жуығында дерт асқынған сатыға жеткен.
Технологияны халықаралық ғалымдар тобы әзірлеген. Клиникалық сынақтар чип орнатылғаннан кейін бір жыл өткен соң науқастардың көру өткірлігі айтарлықтай жақсарғанын көрсетті.
Любек қаласындағы операция технологияны Еуропада қолдануға мақұлдау берілгеннен бірнеше апта өткен соң жасалды.