Германияда биоқоқыс контейнерлерін жаппай тексеру жүргізіледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Қазақпаратқа сілтеме жасап.
Қалдықтарды шығаратын жүзден астам компания тұрғындардың органикалық қалдықтарды дұрыс бөлгенін бақылауға алмақ.
Көктемде күшіне енген жаңа экологиялық нормаға сәйкес, енді биоқоқыстың құрамында бөгде қоспалар 3%-дан, ал пластик 1%-дан аспауы тиіс.
Тексеруді қоқыс контейнерлерін әкететін қызметкерлердің өздері жүргізеді. Кейбір аймақтарда қоқыс тасушы көліктер дұрыс сұрыпталмаған қоқысты анықтайтын датчиктермен жабдықталған.
Ережені бұзғандарға санкциялар қарастырылған: бір жерде қоқыс жәшігі мүлде әкетілмей, қайта сұрыптағанға дейін қалдырылады, ал кейбір жерде арнайы әкету үшін ақы салынады – мысалы, Баден-Вюртемберг жерінде бұл стандартты контейнер үшін шамамен 84 еуро тұрады.
Жекелеген қалаларда қайталанған жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық ісі қозғалуы мүмкін.