BILD басылымының хабарлауынша, 15 пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдер бірнеше мың еуроға жалданып, қылмыстық топ өкілдеріне қарсы оқ атуға, бизнес нысандарына шабуыл жасауға немесе тіпті өзгенің кісі өлтіруін мойнына алуға дейін барады.
Мұндай жағдайлар Гамбургте, Шлезвиг-Гольштейнде және Кёльнде тіркелген. Мәселен, Гамбургте Нидерландтан келген 15 жастағы жасөспірім бір криминалдық тұлғаға оқ атқан. Зильт аралында 15 жастағы Әзербайжан азаматы шаштаразға қарулы шабуыл жасаған. Ал Шлезвиг-Гольштейнде кәмелетке толмаған албан азаматы өзі жасамаған кісі өлтіруді мойындаған.
Неміс құқық қорғау органдары бұл құбылысты "тапсырыспен жасалатын қылмыстық зорлық" деп атайды. Тапсырыс берушілер көлеңкеде қалып, орындаушыларды әлеуметтік желілер, мессенджерлер, ойын платформалары мен жабық чаттар арқылы іздейді. Ал жасөспірімдер көбіне істің шынайы ұйымдастырушыларын білмейді.
Еурополдың мәліметінше, мұндай тәсіл Швецияда да күрделі мәселеге айналған. Онда қылмыстық желілер тіпті 11-15 жас аралығындағы балаларды да тартатыны айтылып отыр.