Әйгілі Class маркалы комбайндар қазастанда құрастырылуы мүмкін. Екіжақты келісім жоспарында 2020 жылдың соңына дейін 200 техника құрастыру көзделіпті. Үкімет жанындағы баспасөз клубында өткен брифингке қатысқан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов осындай жаңалығымен бөлісті.
"Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту ісін ынталандыра отырып, жаңа өндіріс, жаңа жұмыс орындарын, жаңа мамандықтарды қалыптастырамыз. 28 тамыз күні Германияның Class компаниясымен келісімге қол қойылды. Бұл қадамға біз 10 жыл бойы жүрдік. Өте маңызды нарыққа жол аштық. Ауыл шаруашылығы техникасының нарығында бәсеке өте жоғары. Біздегі нарықтың көлемі шағын болғанына қарамастан, германиялық компания келіп отыр. Биылдың өзінде 200 комбайн құрастырамыз деген жоспар қойдық. Бірақ осының бәріне Үкіметтің қолдауы керек болатын. Арнайы экономикалық аймақтан жер берілді. Келесі жылдан бастап өндіріс циклін тұтастандыра бастаймыз. Құрастыру жұмыстары 30-дан 40 пайызға дейін бізде істелуі керек", - деген министр алдағы 3 жылда 22 мың ескі техниканы жаңасымен алмастыруға болатынын айтты.
"Біз Қазақстанда жүрген өндірушілерге ауылшаруашылық өнім есебінен лизинг жасау келісімін ұсынып отырмыз. Осы жоспар бойынша Қазақстан 22 мың ауыл шаруашылығы техникасы жаңаланады. Жоспар алдағы 3 жылға жазылған", - деді Бейбіт Атамқұлов.
Есжан Ботақара