Германияның Федералды Президенті: Қазақстан – Орталық Азиядағы негізгі серіктесіміз

457

Мәртебелі мейман Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа шақырғаны үшін алғысын білдірді. 

Германияның Федералды Президенті: Қазақстан – Орталық Азиядағы негізгі серіктесіміз Фото: akorda.kz

Қазақстан – Орталық Азиядағы негізгі серіктесіміз. Бұл туралы Германияның Федералды Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер айтты, деп хабарлайды Inbusiness.kz тілшісі.

Ол соңғы жылдары Қазақстанға жиі сапар жасағанын жеткізді.

"Мен біздің мемлекеттер, Орталық Азия және Еуропа арасындағы ынтымақтастықты нығайту бағытында өте тығыз жұмыс істедім. Екіжақты қарым-қатынастың мәртебесі туралы айтқан сөзіңізбен толықтай келісемін. Біз дипломатиялық қатынастардың соңғы 30 жылын ғана емес, сонымен бірге ұлғайып келе жатқан экономикалық қатынастарымызға да көз жүгіртеміз. Өз сөзіңізде Қазақстанда көптеген неміс компаниясы барын, олардың табысты қызмет етіп отырғанын айттыңыз. Экономикалық қарым-қатынастардан басқа, ғылыми институттарымыз арасындағы ынтымақтастықты да дамытамыз деген ойдамын. Бүгін неміс ғылыми мекемелері мен қазақстандық мекемелер арасындағы жаңа ынтымақтастыққа бастама көтергіміз келеді",  - деді Франк-Вальтер Штайнмайер Ақордада өткен кездесуде.

Германия басшысы кездесу барысында "Орта дәліздің" маңызы туралы  талқыланғанын атап өтті. 

"Біздің көптеген ұқсастықтарымыз бар. Қазақстан – Орталық Азиядағы негізгі серіктесіміз. Біз сіз бастамашылық еткен Қазақстандағы реформалар бағытын қолдаймыз", - деді ол. 

Франк-Вальтер Штайнмайер Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі Конституциялық сотты қалпына келтіргенін, Парламентті нығайтудағы рөлін жоғары бағалады. 

"Біз Германия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, оны жалғастыруға ниеттіміз. Қыркүйек айындағы Сіздің (ред. – Мемлекет басшысы) сапарыңызды асыға күтеміз", - деп түйіндеді Германияның Федералды Президенті.

Айта кету керек, биыл Қазақстан мен Германия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 31 жыл толды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу