Hahn Air компаниясы Winding Tree деп аталатын туристік платформамен бірлесе блокчейнге негізделген билеттерді сатылымға шығарды. Бұл осы нарықта бұрын-соңды болмаған бастама.
Компания өкілдерінің айтуынша, мұндағы мақсат – жаңа технологияның мүмкіндіктерін барынша зерттеп-зерделеу. Бастапқыда блокчейн айтарлықтай табыс әкелмесе де, тасымалдаушы келешекте пайдаға кенелуді көздеп отыр.
Блокчейннің бірнеше артықшылығы бар. Мысалы, нарықтың басым бөлігі туристік компаниялар мен қонақ үй бизнесінің үлесіне тиесілі. Яғни олар блокчейн арқылы үшінші тұлғаларға қосымша төлем жасамай-ақ транзакция жасай алады.
"Технология 100% қауіпсіз. Барлық керекті ақпарат орталықтандырылмаған базада сақталған. Ол миллиондаған дереккөз арқылы тексеріледі, сондықтан сырттан оны ешкім өзгерте алмайды. Болашақта транзакциялардың бағасы біртіндеп төмендетіледі", – дейді Hahn Air өкілдері.
Айта кетейік, соңғы жылдары блокчейн туризм саласында кеңінен қолданылып келеді. Мысалы, Alternative Airlines туристік компаниясы төлем жүргізуді жеңілдету мақсатында Utrust криптовалюта сервисімен серіктестік орнатқан.
Табиғат Нұрболат