Германияның Орталық Азия елдерімен алыс-берісінің 83 пайызы Қазақстанға тиесілі

458

Қазақстан Германия экономикасын энергиямен және қажетті шикізатпен тұрақты қамтамасыз ете алады

Германияның Орталық Азия елдерімен алыс-берісінің 83 пайызы Қазақстанға тиесілі Фото: akorda.kz

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды Inbusiness.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германия Федералды Президенті  Франк-Вальтер Штайнмайермен сауда-экономикалық қатынастарды дамыту жолдарын талқыландарын атап өтті. 

"Қазақстан – Германияның Орталық Азиядағы негізгі экономикалық әріптесі. Германияның Орталық Азия елдерімен алыс-берісінің 83 пайызы біздің елге тиесілі. Былтыр екіжақты сауда-саттық шамамен 10 млрд доллар болды", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Германияның басты 50 экономикалық серіктесінің қатарына кіреді, сондай-ақ осы елді мұнаймен қамтамасыз етіп отырған негізгі 4 мемлекеттің бірі саналады, деп толықтырды ол.

"Біз экономикалық ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне аяқ бастық. Өзара тиімді қарым-қатынасты нығайту өте маңызды. Сол үшін  Президент Франк-Вальтер Штайнмайерге екі елдің мүддесіне сай келетін бірқатар нақты ұсыныс айттым. Мемлекеттеріміздің экономикасы көп жағдайда бір-бірін толықтырады. Технологияларды шикізатқа алмастыру формуласына негізделген қатынас екі тарап үшін нәтижелі болмақ. Қазақстан Германия экономикасын энергиямен және қажетті шикізатпен тұрақты қамтамасыз ете алады. Бұл қазіргі күрделі геосаяси және геоэкономикалық кезеңде аса маңызды. Неміс тарапының өтініші бойынша Шведт қаласында мұнай өңдеу зауытына Қазақстан мұнайын жөнелту соның нақты мысалы", - деп атап өтті Қазақстан Президенті.

Тағы бір аса маңызды сала – мәдени-гуманитарлық байланыс. 

"Елімізде неміс ұлтының 226 мың өкілі өмір сүреді. Олар Қазақстанды өркендетуге елеулі үлес қосып келе жатыр. Германияда 1 млн-нан астам бұрынғы отандасымыз тұрады. Бұл – халықтарымыз арасындағы достықты нығайта түсетін алтын көпір. Біз осы саладағы ықпалдастықты тереңдетуге ниеттіміз", - деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу