Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев жаңа салынған нысандарға берілетін кепілдік мерзімін 2 жылдан 10 жылға дейін ұзарту ұсынысын қолдайтынын айтты.
– Қолданыстағы Азаматтық кодекске сәйкес, құрылыс аяқталғаннан кейін нысанды пайдалану мерзімі 10 жыл деп белгіленген. Алайда салалық заңнамада кепілдік ең аз дегенде 2 жыл болуы керек деп көрсетілген. Құрылыс компаниялары осы мүмкіндікті пайдаланып, көбіне екі жылдық келісімшартпен шектеледі. Бірақ екі жылдың ішінде ғимарат сырт көзге бүтін көрінгенімен, кейін түрлі ақаулар пайда болып, кейде апаттық жағдайға дейін жетеді. Үш жылдан соң қираған мектептер мен қасбеттер, желден ұшқан шатырлар соның дәлелі. Сондықтан екі жылдық кепілдік – сапаға емес, тек уақытша нәтиже көрсетуге бағытталған тәсіл. Ал оның салдары – суық ауруханалар мен төбесінен су ағатын мектептер, – деді депутат.
Оның айтуынша, кодекс жобасында кепілдік мерзімі 5 жыл деп көрсетілген, бірақ бұл жеткіліксіз.
– Біз бір топ депутаттармен бірге іргетас, қасбет, шатыр және тірек қабырғаларына 10 жылдық кепілдік енгізуді, ал өзге элементтерге 5 жылдық мерзім қалдыруды ұсынып отырмыз, – деді Жайымбетов.
Министр Ерсайын Нағаспаев бұл ұсынысты орынды деп бағалады.
– Шынында да қазіргі екі жылдық кепілдік құрылыста ақау шыққанда қиындықтар туғызады. Сондықтан біз құрылыс компанияларының жауапкершілігін арттыру мақсатында кепілдік мерзімін кемінде 5 жылға дейін ұзартуды ұсынып отырмыз. Ал сіз атаған негізгі элементтерге 10 жылдық кепілдік беру мәселесі қазір пысықталып жатыр. Жалпы алғанда, біз бұл бастаманы қолдаймыз, – деді министр.