Алматы тұрғындары Наурыз мейрамын тойлау кезінде ғимараттың төбесінде отырған снайперді байқап қалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Әлеуметтік желіде оқиға орнынан түсірілген бейнежазба тарады. Оның авторы видеоның Наурыз мерекесі кезінде түсірілгенін айтты.
"Алматыда серуендеп, Наурызды тойлап жүресің. Міне, не көргенімді қараңыздар. Камера дұрыс көрсете алмайды. Алайда ана жерде снайпер отырған сияқты. Бетперде киген, қаруланған. Мен бір түрлі болып қалдым, өмірімде бірінші рет осындай нәрсені көріп тұрмын", - деді автор.
Бейжазбаға қатысты түрлі пікірлер жазылды. Бірі бұл қауіпсіздік мақсатында жасалынып отыр десе, кейбірі оқиғаға байланысты өз пікірін алға тартты.
Алматы қаласының полиция департаменті оқиғаға қатысты түсінік берді.
"Бұқаралық мәдени-ойын-сауық іс-шараларын өткізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету аясында белгіленген алгоритмдерге сәйкес түрлі шаралар көзделген. Бұл шаралар қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және ықтимал қауіптерге ден қою үшін қалыпты тәжірибе болып саналады. Бұл азаматтарды қорғауға және қауіпсіздікке қауіп төндіретін кез келген оқиғалардың алдын алуға бағытталған", - деп хабарлады полиция.