Бір мезетте 10 мың литр қымыз сапырып, Гиннестің рекордтар кітабына енген Жаңаарқа ауданы су мен жарыққа жарымай отыр. Осылай деп ашуға булыққан Ұлытау облысы тұрғындары "биліктегілер бюджеттің қаражатын жеп, халық қамын ойламай жатыр" деген ойда, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі
Мұндай жағдай кейінгі бес жылда жиілей түсіпті. Деседе, халық өз-өздерін сабырға шақырып келген. Бірақ, бүгін шыдамы таусылған жұрт бар мәселені жайып салды. Айтуларынша, жарық пен су жүйесі әбден тозған. Ал, жергілікті билік жөндеуге бөлінген қаражатты жылдар бойы жеп келген.
Ал, жарық жүйесінің 100 пайызға тозғанын аудан басшысы мойындайды. Сөзінше, жиырма жылдан бері жекенің жетегінде кеткен жарық жүйесіне жөндеу жүргізілмеген. Тек 2021 жылы сот арқылы әкімдік өз меншігіне алыпты. Биыл 150 млн теңге жергілікті бюджеттен ал, 116 млн теңге республикалық қазынадан бөлініпті. Алайда, бұл қаражатпен шенділер қай жыртығын жамайтындарын білмей дал.
"Жиырма жылдан астам жеке меншіктің иелігінде болды. Ол кісілер пайда ғана көрді. Бір тиын инвестиция салған жоқ. Осы екі үш ақ күн бұрын сексен жерден ақау пайда болды. Сексен жерден ойлаңызшы. Төрт жүз үйі бар бір Ералиевке бір млрд болғаннан кейін, мен енді ауданның басында 7 мыңнан аса тұтынушы бар аудан басына мен айта алмаймын. Он млрдтың жобасы болатын шығар деп ойлаймын", - деді Жаңаарқа ауданының әкімі Қанат Қожықов.
Ескірген су мен жарық жүйесін жөндеуге облыстан қаражат сұрату үшін, шенділер жобалық сметалық құжаттама әзірлеп жатырмыз дейді. Бірақ жыл сайын мұндай жаттанды уәдеге 31 мың қараша әбден тойдық деп отыр. Сондықтан халықты осындай жағдайға жеткізіп, жөндеуге бөлінген қаражатты жеп келеген бұрынғы биліктің ісін сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік өкілдері тексерсін деп талап етіп отыр.