Ол туралы естелікті ұстазы Айдана Ғаббасова айтып берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Педагог шәкіртінің мектеп уақытында өте белсенді болғанын есіне алды.
– Көз алдыма мектеп қабырғасында жүрген жуас мінезді, ақкөңіл, тәрбиелі баланың бейнесі қайта-қайта келе береді. Оқушы кезінен Махамбет, Мағжан өлеңдерін ерекше ықыласпен, мәнеріне келтіріп оқитын. Байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болғаны әлі күнге дейін есімде. Сахнадағы толқынысы, қуанышы, өнерге деген құштарлығы ұстаздық жадымда мәңгі сақталары анық, – дейді А.Ғаббасова.
Сынып жетекшісі Өмірбек Өмірболатұлының жан-жақты, өнерге жақын бала болғанын айтты. Сарбаз мәнерлеп оқумен қатар, гитара шертіп, сурет те салатын.
– Әулетінің тұңғыш немересі, әжесінің бауырында өскен ардақты перзент еді. Атасы Өмірзақ – Ауғанстан соғысының ардагері. Осындай үлкен әулеттің үкілеген үміті, әжесінің аялап өсірген немересі еді. Ұстаз үшін әр шәкірттің орны бөлек. Ал өмірден тым ерте кеткен шәкірттің бейнесі көңілде тіпті ерекше сақталады екен. Ел қорғау жолында жүріп, "үйіне оралуына небәрі 9 күн қалған еді" дегенді есту тіпті ауыр, – дейді сарбаздың сынып жетекшісі болған ұстаз.