Голан жоталары – Таяу Шығыстағы Израиль мен Сирия арасындағы ең даулы аймақтың бірі. Бұл өңірдегі БҰҰ бітімгерлік миссиясына қатысу жоғары әскери дайындық пен үлкен жауапкершілікті талап етеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазақстанның осы геосаяси аумақта БҰҰ-ның бітімгерлік операцияларына қатысуы Қарулы күштердің жоғары кәсіби деңгейін көрсетеді. Бұған дейін еліміз негізінен гуманитарлық және дипломатиялық бастамаларымен танылса, енді халықаралық қауіпсіздікке де белсенді үлес қосып келеді.
Біздің мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымы аясындағы бітімгерлікке 2000-жылдардың басында қатыса бастады. Кейін Ливан, Батыс Сахара және Африка елдеріне жеке әскери бақылаушы ретінде жіберіле бастады.
Осы тұста Голан жоталарындағы миссияға тоқталып өтсек. Осындай шиеленіс ошақтарында қызмет ету әскери қызметкерлердің кәсіби деңгейін жаңа сатыға көтеруге мүмкіндік береді. Сарбаздар халықаралық талаптарға сәйкес әрекет етуді, сонымен қатар шетелдік контингенттермен тікелей байланыс орнатып, бірлесе тапсырмаларды орындауды меңгереді. Бітімгерлік миссияларға үлес қосу – елдің көпвекторлы сыртқы саясатының жарқын бір мысалдарының үлгісі іспеттес.
БҰҰ бітімгерлік миссиясы шеңберінде қойылатын талаптар өте жоғары екенін атап өту керек. Мәселен, шет тілдерін меңгеру, заманауи техникамен жұмыс, жедел логистика және төтенше жағдайларда шұғыл әрі нақты шешім қабылдай білуді қажет етеді. Мұндай миссиялар әскери құрылымдарды сапа жағынан да жаңа деңгейге шығаратынын тілге тиек ету керек.
Еске салып өтсек, 2024 жылдың наурыз айында 139 әскери қызметшіден тұратын Қазақстанның алғашқы ұлттық бітімгерлік контингенті БҰҰ миссиясын орындау үшін Голан жоталарына аттанған болатын. Қазақстандық бітімгерлердің екінші құрамы 2025 жылдың сәуір айында жіберілді. Отандық сарбаздардың кәсібилігіне өте жоғары баға берілді. Үшінші ұлттық бітімгерлік контингент осы жылдың мамыр айында аттанды.
Бұған дейін Вице-президент Ерлан Қарин "БҰҰ-ның бітімгерлік қызметіне атсалысу – Қазақстанның сыртқы саясатының маңызды бөлігі" деген болатын.
"Бұл біздің соғыс пен қақтығыстардың алдын алуға қатысты бірлескен іс-әрекетке қосқан үлесіміз. Қазақстан соңғы 10 жыл көлемінде БҰҰ-ның бітімгерлік операцияларына қатысып келеді. Бұл еліміздің әлем алдындағы беделін көтеруге және ұстанымын нығайтуға көмектесті. Сондай-ақ БҰҰ мен халықаралық әріптестер тарапынан зор сенімге ие болдық. Әскери қызметшілердің БҰҰ-ның бітімгерлік миссияларына қатысуы Қарулы Күштердің әлеуеті мен тәжірибесін арттыруға, халықаралық ынтымақтастық пен сыртқы ресурстардың артықшылықтарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Ол да маңызды факторлардың бірі", – деп жазды ол Телеграм арнасында.
Отандық бітімгерлік контингентке жүктелген міндеттер де ауқымды. Олар атысты тоқтату режимін бақылау, патруль жасау, блокбекеттерді күзету және жарылыс қаупі бар заттарды залалсыздандыру сияқты қызметтерді атқарады. Бұдан бөлек БҰҰ қызметкерлерін қауіпсіз еңбек жағдайымен қамтамасыз етіп, төтенше жағдайлар кезінде оларды эвакуациялау операцияларын жүргізеді.