Ұлттық контингент басшылығының бастамасымен бітімгерлерге отбасы мүшелерінен келген құттықтау хаттар табысталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Шынайы тілектер мен жүрекжарды қолдау сөздері әскери қызметшілерге отбасы жылуын және олардың Отанға аман-есен оралуын күтіп жүрген жақындарының сағынышын жеткізді.
Бұл акция отбасылық құндылықтарды нығайтуға, ұрпақтар сабақтастығын сақтауға және әкенің бала тәрбиесі мен қоғамның дамуына қосатын үлесінің маңызын арттыруға бағытталды.
Көптеген әскери қызметшілер үшін Отанға адал қызмет етудің үлгісі өз әкелері болды. Бітімгерлік миссияға қатысушылардың бірі, гвардияның 3-сыныпты сержанты Жанат Қайранбаев әскери мамандықты таңдауына әкесі Нұржан Жексенбековтің өнегесі зор әсер еткенін айтты. Әкесі Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызмет атқарып, 2013 жылы еңбек жолын аяқтаған.
– Бала кезімнен әкемнің өз қызметі мен борышына үлкен жауапкершілікпен қарайтынын көріп өстім. Оның өнегесі мені өмірімді әскери қызметпен байланыстыруға себеп болды. Мерзімді әскери қызметтен өткеннен кейін Шоқан Уәлиханов атындағы Кадет корпусына оқуға түстім. Кейін Қонаев қаласындағы 32363 әскери бөлімінде қызметімді жалғастырдым. Бүгінде мен Голан жоталарындағы БҰҰ бітімгерлік миссиясы құрамында қызмет етіп жүрмін, – деді әскери қызметші.
Қазіргі уақытта қазақстандық бітімгерлік контингент миссияның жауапкершілік аймағында бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін орындауды жалғастырып, Қазақстан Қарулы күштерінің халықаралық аренадағы беделін лайықты түрде дәлелдеп келеді.
Әкелер күніне орай жеткен құттықтаулар әскери қызметшілер үшін туған-туыстарымен үзілмес байланыстың белгісіне айналып, жүктелген міндеттерді адал атқаруға қосымша жігер берді.