Қазақстандық бітімгерлер қызмет ететін БҰҰ-ның Голан жоталарындағы жауапкершілік аймағындағы жағдай шиеленісті, бірақ тұрақты деп бағаланып отыр. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Министрліктің хабарлауынша, миссияның жеке құрамы мандатқа сәйкес өз міндеттерін орындап жатыр.
БҰҰ күштерінің уәкілетті тұлғалары сириялық және израильдік тараптардың өкілдерімен тұрақты байланыста.
"Бітімгерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қажетті шаралар қабылданып жатыр. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі жағдайдың дамуын бақылауда ұстап отыр. Голан жоталарындағы қазақстандық әскери қызметшілермен тұрақты байланыс орнаған. Қажет болған жағдайда миссияны эвакуациялауды БҰҰ басшылығы миссия қолбасшылығының ұсынысы бойынша қарайтын болады", – делінген Қорғаныс министрлігі таратқан ақпаратта.