"Голаннан Африкаға дейін": Қазақстан дербес бітімгерлік контингентке қалай жетті?

Қазір 153 еліміздің әскери маманы әлемнің 6 миссиясында бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау міндетін атқарып жүр. 

"Голаннан Африкаға дейін": Қазақстан дербес бітімгерлік контингентке қалай жетті?

2014 жылы алғашқы қазақстандық офицер Батыс Сахарадағы миссияға әскери бақылаушы ретінде аттанған еді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Кейін қазақстандық сарбаздардың қызмет географиясы кеңейіп, Ливан, Орталық Африка Республикасы, Конго Демократиялық Республикасы, Оңтүстік Судан және Таяу Шығыстағы операцияларды қамтыды.

Қазір Қазақстан БҰҰ-ның бітімгерлік операцияларына әскери қызметші жіберетін мемлекеттер арасында 51-орында тұр. Әлем бойынша 118 ел БҰҰ қарамағындағы 11 миссияға сарбаздары мен полиция қызметкерлерін жолдаған. Қақтығыс аймақтарында 50 мыңнан астам әскери, полиция және азаматтық маман қызмет етеді.

Қазақстанның бітімгерлік қызметіндегі үлкен бетбұрыс 2024 жылы жасалды. Бұған дейін қазақстандық офицерлер өзге мемлекеттердің құрамында немесе әскери бақылаушы ретінде қызмет атқарса, сол жылдың наурызында Голан биіктіктеріне 139 әскери қызметшіден құралған дербес ұлттық контингент жіберілді. Қазақстан ТМД елдері арасында Голан биіктіктеріне БҰҰ мандатымен дербес ұлттық контингент жіберген алғашқы мемлекет атанды. 2026 жылғы мамырда Голан биіктіктеріне үшінші ұлттық контингент жолданды.

Голандағы қазақстандық сарбаздар патруль жүргізеді, БҰҰ базалары мен бақылау бекеттерін қорғайды, ұйым қызметкерлерін эвакуациялайды және жарылғыш заттарды залалсыздандырады. Бұған қоса БҰҰ нысандарында бес іздестіру шарасын өткізіп, миналы алқаптарға үш рет барлау жасаған.

Бітімгерлер миссияға аттанар алдында Алматыдағы Бітімгерлік операциялары орталығы мен Қонаев гарнизонындағы Минасыздандыру орталығында дайындықтан өтеді. Сарбаздарға шет тілі, халықаралық құқық, келіссөз жүргізу, алғашқы медициналық көмек көрсету, патрульдеу, гуманитарлық эвакуация және жарылғыш заттарды залалсыздандыру тәсілдері үйретіледі. Минасыздандыру орталығы 2022 жылы БҰҰ аккредитациясын алып, халықаралық стандарттарға сай мамандар даярлауға мүмкіндік алды.

Қазақстандық әскери инженерлердің бітімгерлік тәжірибесі Голан миссиясынан әлдеқайда ертерек басталған. Қазақстандық бітімгерлер 2018 жылдан бастап Ливанда үндістандық бөлімшенің құрамында қызмет етіп, патрульдеу, бақылау бекеттерін күзету мен бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін орындады.

Бітімгерлік қызметтің қатері де аз емес. 2025 жылғы қазанда Оңтүстік Судандағы БҰҰ миссиясында қызмет еткен қазақстандық подполковник Асқар Мұхамедрысұлы қайтыс болды. Ол 2026 жылғы маусымда Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде қаза тапқан бітімгерлерге берілетін Даг Хаммаршельд медалімен марапатталды. Сол рәсімде қызмет барысында көз жұмған 68 бітімгердің есімі аталды.

Қазақстанның бітімгерлік үлгісі кейінгі жылдары жеке әскери бақылаушылар жіберуден толыққанды ұлттық бөлімше жасақтауға қарай ауысты. Голан биіктіктеріндегі 139 сарбаздан бөлек, қазақстандық офицерлер Батыс Сахара, Орталық Африка Республикасы, Конго Демократиялық Республикасы, Оңтүстік Судан, Ливан және Таяу Шығыста әскери бақылаушы әрі штаб офицері ретінде қызмет атқарып жүр.

БҰҰ операцияларына қатысу қазақстандық әскерилерге түрлі мемлекеттің бөлімшелерімен бірге жұмыс істеуге, қақтығыс аймағындағы ахуалды бағалауға және төтенше жағдайда жедел шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Халықаралық қауымдастық үшін Қазақстанның үлесі қауіпті аймақтарда нақты міндет атқарып жүрген сарбаздардың еңбегімен өлшеніп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу