Компания басшылығы Disney мен Netflix секілді алпауыттармен бәсекеге түспек, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Екі компанияны біріктіру оңай болған жоқ. Бұл бастамаға 12 штат және АҚШ-тың Сценаристер гильдиясы мүшелері қарсы шықты. Тіпті оларды сотқа да берді.
Гарри Поттер, Бэтмен, Супермен, Тақтар таласы – Warner Bros студиясының өнімдері. Ал "Мүмкін емес миссия", "Топ Ган", "Трансформерлер" фильмдері – Paramount-қа тиесілі. Енді Голливудтың екі алыбы бірігеді. Жаңа медиа конгломерат "Скайдэнс" деп аталады. Мәміле құны – 111 млрд доллар.
Paramount Skydance мәлімдемесінде екі компанияның бірігуі медиа және ойын-сауық саласындағы ғасырдан астам тарихы бар танымал екі брендтің басын қосатыны айтылған. Осылайша жаңа компания олардың жинақтаған тәжірибесі мен мұрасына сүйене отырып, жаһандық деңгейдегі жаңа буын медиа және ойын-сауық компаниясын құруды көздейді.
Жаңа компания Skydance деп аталады. Оның құрамына CBS News, CNN және HBO телеарналары, сондай-ақ жазылым арқылы жұмыс істейтін екі ірі стримингтік сервис – Paramount+ пен HBO Max кіреді.
Алайда Голливуд тарихындағы ең қымбат келісімге қатысты күдік басым. Құрама Штаттар сценаристер гильдиясының мүшелері нарықтағы бәсекелестік жоғалып, жұмыс азая ма деп қорқады. Тіпті жалақы қысқарып, еңбек жағдайы нашарлайды деп алаңдайды.
Голливудтың жаңа алпауыты жылына 30 картина көрерменге жол тартады деп уәде берді. Салыстырар болсақ, Disney биыл шамамен 20 фильм түсіруге ниетті. Бірақ компанияның қарызы қыруар. Біріккен соң, Skydance басшылығы 80 млрд доллар берешектен құтылуға тиіс. Сондай-ақ шығынын 6 млрд долларға дейін қысқартуы керек.
"Демек, басты міндет – екі компанияны біріктіру ғана емес, белді бекем буа отырып, көрерменге сапалы өнім ұсынып, нарықтағы бәсекеге төтеп беру болып отыр", – дейді сарапшылар.