Головкин әйгілі HBO арнасымен келісімшартты тоқтатты

924

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин әйгілі америкалық HBO телеарнасымен келісімшартын үзді, деп хабарлайды "Айқын" газеті.

Головкин әйгілі HBO арнасымен келісімшартты тоқтатты

Мексикалық Сауль "Канело" Альвареске қарсы өткізген кездесуі – телеарнамен жасаған келісімшарт бойынша Головкиннің соңғы жекпе-жегі екен.

Головкиннің командасы мен телеарна 2012 жылы ортақ келісімге келген. Сол уақыттан бері HBO Головкин жұдырықтасқан 14 жекпе-жекті тікелей трансляциялаған. Енді Головкиннің командасы басқа да нұсқаларды қарастырып көрмек.

Соңғы уақытта HBO телеарнасына көптеген бәсекелестер табылған. Мәселен, Showtime, ESPN және Fox телеарналары кәсіпқой бокс нарығында белсенді жұмыс істеп, өздерінің аудиторияларын әлдеқайда арттырған болатын. Сонымен қатар соңғы уақытта жұмысын бастаған DAZN сервисі де үлкен бәсекелестік тудырып тұрған жағдайы бар. Инсайдер Дэн Рафаэльдің айтуынша, Головкин алдағы уақытта ESPN телеарнасымен келісімшартқа отыруы мүмкін.

Еске сала кетсек, Головкин мен Альварес арасындағы матч-реванш 15 қыркүйек күні Лас-Вегастағы T-Mobile аренада өткен болатын. Бір жыл бұрынғы олардың жекпе-жегі тең нәтижемен аяқталған. Қарымта жекпе-жек те 12 раундқа созылды. Оның қорытындысы бойынша төрешілер жеңісті бір ауыздан "Канело" Альвареске берген. Ал Головкин үшін бұл жеңіліс – карьерасындағы алғашқы жағымсыз статистика ретінде тіркелді.

Головкиннің ізін ала "Канело" да HBO арнасынан кетуді ойластырып жатқан көрінеді. Оның промоутері Оскар Де Ла Хойя ендігі ретте кез келген ұсыныстарға ашықпыз деп жариялады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу