WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин (37-0-1, 33 КО) мен мексикалық Сауль "Канело" Альварес (49-1-2, 34 КО) 5 мамырда Лас-Вегаста белгіленген жекпе-жекке байланысты қайтадан көз арбасты, деп хабарлайды Vesti.kz.
Боксшылар Лос-Анджелесте медиа іс-шара аясында өткен кездесуде көз арбасты. Сондай-ақ, Головкин мен Альварес баспасөз конференциясында журналистердің сұрақтарына жауап береді.
Айта кетейік, 5 мамырда Лас-Вегастағы T-Mobile Arena-да өтетін бокс кешінің билеттері 28 ақпаннан бастап сатылымға шықты. Олардың бағасы 300 (96 000 теңге) - 5 000 доллар (1 600 000 теңге) аралығында.
Еске салайық, Головкин мен Альварестің алғашқы жекпе-жегі 2017 жылдың 16 қыркүйегінде Лас-Вегаста өткен болатын. 12 раундқа созылған жекпе-жек тең есеппен аяқталған еді.