Fightnights.com басылымы қазақстандық Геннадий Головкин және мексикалық Сауль "Канело" Альварес арасындағы қарымта жекпе-жек билеттерінің кері қайтарыла бастағанын хабарлады, деп жазады vesti.kz.
"Орта салмқта "Канело" Альварес пен Геннадий Головкин арасындағы ұзақ күткен жекпе-жектің болмай қалу қаупі бар.
Las Vegas Review-Journal шолуында MGM компаниясының ресми өкілі билет сатып алған жанкүйерлер оны қайтара алатыны туралы мәтіндік хабарлама таратқаны айтылған.
"Жанкүйерлер ақшасын талап етсе, билет сату орындарында толық қайтарып береді", - делінген Las Vegas Review-Journal жариялаған хабарламада.
Айта кетейік, 28 наурызда ESPN арнасының сарапшысы және Америкадағы танымал бокс шолушысы Дэн Рафаэль Головкин мен Альварес арасындағы жекпе-жек күні (5 мамыр) өзгеруі мүмкін деген болжам жасаған.
Еске салайық, Головкинмен қарымта кездесуге екі ай қалғанда Альварестің қанынан кленбутерол атты допинг табылды. Мексикалықтың командасы мұны жеген ет арқылы түскен дейді. Дегенмен Невада штатының атлетикалық комиссиясы Альваресті әзірге жекпе-жектерден шеттетті. Қорытынды шешім 10 сәуірде шығады.
Ал Головкиннің промоутері Том Леффлер комиссия Альвареске қатысты қандай шешім шығарса да, қазақстандық 5 мамырда шаршы алаңға шығатынын мәлімдеген болатын.