Геннадий Головкиннің менеджері Олег Герман 17 шілдеде Астанада өтетін жекпе-жек туралы пікірін білдірді, деп хабарлайды vesti.kz.
Еске салайық, 3 сәуір күні Астана қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының жетекшісі Берік Маржықбаев Головкинің бұл кездесуді өткізу үшін қол қойғанын айтқан болатын. Оның айтуынша, жекпе-жек 17 шілде күні "Астана Арена" стадионында өтеді. Ал отандасымыздың қарсыласы британиялық боксшы болады. Бірақ нақты кім екені белгісіз.
"Қазіргі уақытта Головкиннің Қазақстанда жекпе-жек өткізетіні туралы нақты ешқандай ақпарат жоқ. Сондықтан да жекпе-жектің қашан, кіммен өтетіні жайлы айта алмаймыз.
17 шілде деп айтылған күнге келетін болсақ, Головкин Астанада дүйсенбі күні жекпе-жек өткізеді деп айтқан адамды түсінбей отырмын. Қайталап айтайын, Геннадий Қазақстанда жекпе-жек өткізеді деген мәселеге байланысты әлі ешқандай мәлімет жоқ. Келіссөз жүріп жатыр. Егер қандай да бір мәлімет болса, GGG-дің командасы ресми түрде хабарлайды", – дейді ол.