Орта салмақ санатында бұрынғы Еуропа чемпионы, польшалық Камил Шереметаның промоутері Анджей Василевский орта салмақтағы IBF чемпионы Геннадий Головкинмен айқасуға дайын екенін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz-ке сілтеме жасап.
5 қазан күні Шеремета Нью-Йоркте болған Головкин – Деревянченко бокс кешінің андеркардында кездесу өткізіп, мексикалық Оскар Кортесті екінші раундта нокаутпен жеңген еді.
"Біз дайынбыз, Камил Шеремета тәкаппар спортшы. Ол GGG сияқты бокс аңызымен жекпе-жек өткізуді армандайды. Бұл әрі оның мақсаты", - деді Василевский The Ring-ке берген сұхбатында. Промоутердің айтуынша, жекпе-жекті 8 немесе 29 ақпанда, қалың поляк диаспорасы отырған Чикагоның Wintrust Arena-сында ұйымдастыруға болады.