Гонконгтағы үстемдік үшін таластың арты санкцияға ұласуы мүмкін

429

Вашингтон Бейжіңге сес көрсетіп отыр. 

Гонконгтағы үстемдік үшін таластың арты санкцияға ұласуы мүмкін

Егер Қытай Гонконгтың мүдделеріне қатысты ұлттық қауіпсіздік туралы заңды қабылдаса, Вашингтон Бейжіңге кезекті санкциясын жариялайды. Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Роберт О Брайен осылай деді.

Оның пікірінше, бұл заң Гонконг билігін басып алуға бағытталған. Осыдан бір жыл бұрын Құрама Штаттар "Гонконгтағы адам құқығы мен демократия" деп аталатын заң қабылдаған еді. Енді Бейжің бұл арнайы әкімшілік аймақта өз үстемдігін орнатса, қарсы тарап, яғни АҚШ осы заңға сәйкес санкция салады. Елдің мемлекеттік хатшысы Майк Помпео тіпті Бейжіңнің бұл қадамын Гонконг автономиясын жерлеу рәсіміне балады. 

О Брайен сонымен қатар тағы бір маңызды жайтты ескере кетті. Қытай аймақтағы билікті өз қолына шоғырландырса, Гонконг әлемдік қаржы орталығы мәртебесінен айырылуы мүмкін дегенді айтып қалды. Оның сөзінше, автономиядағы еркін бизнес пен капиталистік жүйе жойылса, қаржы қауымдастығы ҚХР ықпалы зор жерде көпке тұрақтамайды. 

Еске сала кетсек, Қытай Гонконгтағы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін құқық қолдану механизміне жол беретін заң қабылдамақ. Бұл ақпарат автономиядағы ереуілдердің жаңа толқынына әкеліп соқты. 24 мамырда коронавирус пандемиясына байланысты қабылданған шектеу шараларына қарамастан мыңдаған тұрғын қала көшелеріне шығып, осы заңғы өз наразылығын білдірген болатын. Полицейлер бас көтергендерді тарату мақсатында көзді жасаурататын газ қолданған. Заңсыз ереуіл кезінде тәртіп сақшылары 180-ге тарта адамды қолға түсірді.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу