Арнайы әкімшілік аймақта ереуілшілер мен тәртіп сақшылары қақтығысып, сол маңдағы Политехникалық университетке біреулер өрт қойған. Бұған дейін наразы топ университет кампусын метро станциясымен байланыстыратын көпірді өртеген болатын.
Қақтығыс жексенбі күні болған. Ғимаратты басып алған ереуілшілер полицейлер келген бойда, оларға жандырғыш қоспасы бар бөтелке лақтырып, салдарынан университетті қызыл жалын шарпыған. Әзірге жарақат алғандар туралы ақпарат жарияланбады. Белгілісі, бірнеше адам қамауға алынды.
Айта кетейік, соңғы күндері Гонконгте бас көтерушілер мен полицейлер арасындағы қақтығыс жиілей түскен. Қазір қаладағы жоғарғы оқу орындарының барлығы жабық.
Жаппай ереуілдер маусым айында басталған. Халықтың бас көтеруіне экстрадиция туралы заңға енгізілмек болған өзгерістер түрткі болды. Үкімет бұл заңды мақұлдамаса да, толқулар басылар емес. Осы күнге дейін 4 мыңға жауық адам тұтқындалып, 1,5 мың адам ауруханаға жеткізілген.
Табиғат Нұрболат