Google-дің бұрынғы қызметкері бас бостандығынан айырылуы мүмкін

1190

Калифорния штатының прокуратурасы Google компаниясының бұрынғы қызметкері Энтони Левандовскиге қатысты іс қозғады. Оған ұшқышсыз басқарылатын көлік туралы құпия ақпаратты ұрлады деген айып тағылып отыр. 

Google-дің бұрынғы қызметкері бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Левандовски 2009 жылы Google-дің компьютермен басқарылатын автокөліктерді жасаумен айналысатын бөлімшесінің негізін қалаушылардың бірі болды. Ол көліктерге арналған арнайы лазерлік радар құрылысымен айналысқан. 2016 жылдың қаңтар айында Левандовски қызметінен кетер кезде компания жүйесінен 14 мыңға жуық файлды жасырын түрде жүктеп алған. Құжаттардың ішінде ұшқышсыз басқарылатын көліктер туралы құпия деректер болған. Егер де Левандовски кінәлі деп танылса, ол 10 жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін. Сондай-ақ 250 мың доллар көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелмек. 

Ресми дерекке сүйенсек, ол Google-да жұмыс істеп жүріп Otto деп аталатын өзінің компаниясын құрған. 2016 жылы оны Google-дің бәсекелесі Uber сатып алған. Левандовски осыдан кейін Uber-ге жұмысқа орналасып, 2017 жылдың мамыр айына дейін сонда қызмет етті. 

Естеріңізге сала кетейік, АҚШ-тың әділет министрлігі ірі америкалық интернет-компанияларды тексеру жұмыстарын бастаған болатын. Бұл шараларды ведомствоның монополияға қарсы департаменті жүргізуде. Reuters агенттігінің дерегі бойынша, тексерілетін компаниялар қатарында Facebook, Amazon, Google және Apple компаниялары бар. 

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу