Қазақстанның өнер туындыларын Google мәдениет институты цифрлық жүйеге өткізеді. Бұл туралы "Астана ЭКСПО-2017" АҚ контент және іс-шараларды ұйымдастыру департаментінің директоры Марат Омаров мәлім етті, деп хабарлайды inform.kz.
"Орталықты құрудағы басымдық ЭКСПО көрмесі өткеннен кейін өнер саласында мұра қалдыруға негізделген. Бұл тұрғыда болашаққа қажетті қадамдарды ескеріп отырмыз. Бүгінде Google Мәдениет институтымен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Олар барша әлемнен өнер туындыларын цифрлаумен айналысады. ЭКСПО-ның арқасында институтпен бір келісімге келдік. Осы орайда олар Әбілхан Қастеев атындағы өнер мемлекеттік мұражайындағы барша мұраны цифрлық жүйеге өткізеді. Сонымен қатар бұл бағдарламаға тағы екі музейді қосамыз деп үміттеніп отырмыз", – деді Марат Омаров ЭКСПО аумағындағы қазіргі заман өнері орталығы жұмысын таныстыру барысында.
Оның айтуынша, осы жұмыс арқылы еліміздегі суретшілердің өнер туындылары әлемдік мұрағатқа енгізіледі.
"Интернетке қосылған кез келген адам суреттерді еш кедергісіз тамашалай алады. Сондықтан келіссөз Қазақстандағы өнерге өте пайдалы болады деп есептейміз", – дейді департамент басшысы.