Бұрынғы Оқу-ағарту министрі, Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің Төрағасы, депутат Асхат Аймағамбетов білім грантына ие бола алмаған талапкерлерге кеңес берді, деп хабарлайды inbusiness.kz cайты.
Оның айтуынша, әлі де грантты жеңіп алуға мүмкіндік бар.
"Біріншіден, игерілмеген бірнеше мың грант қайтадан үйлестіріледі. Яғни грант алған талапкерлерден кейін тұрған талапкерлерге ҰБТ-да жинаған ұпай санына сәйкес беріледі. Соны күтуге болады.
Екіншіден, әкімдіктердің гранттары бар. Бірнеше мың грант жергілікті бюджеттен бөлінеді.
Үшіншіден, "Қазақстан халқына" қорының гранттары тағы бар.
Төртіншіден, кейбір талапкерлер түрлі себеп бойынша жеңіп алған гранттарынан бас тартады. Олардың саны да аз болмайды. Ол гранттар да қайта тағайындалады.
Бесіншіден, тіпті ештеңе болмаса, университетке ақылы түрде түсіп, кейін жақсы оқып, GPA жоғары болса, білім алу кезінде босаған бос грантты ұтып алуға болады.
Алтыншы, "gap year" арқылы бір жыл дайындалып, қайтадан ҰБТ тапсырып, грантты жеңіп алуға болады. Ол менің өз басымнан өткен оқиға. Бұл да жақсы шешім.
Жетіншіден, колледжге түсуге болады. Колледжде грант көп, қажетті мамандықтар бойынша колледж бітіргендер нарықта тапшы. Керек болса, кейін әрі қарай ЖОО-ға түсіп, қысқа мерзімде жоғары білім алып шығуға да болады", - деп жазды депутат.