Грекияда орман өртінен қаза тапқандарға байланысты 3 күндік аза тұту жарияланды, деп хабарлайды 24.kz.
Рейтер агенттігінің дерегі бойынша, қарағайлы ормандарды шарпыған қызыл жалын салдарынан мерт болғандар саны 70-тен асқан. Олардың қатарында балалар бар.
Бұған дейін 50 шақты адамның ажал құшқаны хабарланған болатын. Тағы 100-ден астамы түрлі деңгейде жарақат алды.
Дәрігерлердің айтуынша, олардың көбінің халі нашар. От шаһардан 50 шақырымдай жердегі таулы ауданда тұтанған.
Айта кетейік, тілсіз жаумен күресуге 600-ден аса өрт сөндіруші, 5 тікұшақ және 300 техника жұмылдырылды. Бірақ мамандар қатты жел оны сөндіруге кедергі келтіріп отырғанын айтады. Жалын салдарынан қала қалың түтіннің астында қалды. Жергілікті билік Афинаның солтүстік-шығысы мен батыс бөлігінде төтенше жағдай жариялады.