Грекиядағы 79 мигранттың өмірін қиған апатқа байланысты 9 күдікті қамауға алынды. Бұл туралы осы елдің Кеме қатынасы министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі Reuters-ке сілтеме жасап.
Кеме апатынан аман қалған мигранттар Грекияның босқындар лагеріне орналастырылды. Апат болған күннен бері Каламата портында отырған олар, енді психологиялық және қажетті медициналық көмек алады.
Қайғылы оқиға екі тәулік бұрын Ион теңізінде болған. Ливиядан шығып, Италияға бет алған кемеде 700-ден аса босқын болуы мүмкін деген болжам бар. Грек үкіметі 3 күнді қаралы деп жариялады.
Жыл басынан бері Еуропаға теңіз арқылы жетпек болған мыңнан астам мигрант, ажал құшқан немесе із-түссіз жоғалып кеткен.