Еуропа мен АҚШ арасындағы Гренландияға қатысты пікір қайшылығы Украинаға соғыстан кейінгі қалпына келтіру үшін 800 млрд доллар тартуды көздейтін "өркендеу жоспары" бойынша келісімді келісу және қол қою ісін тоқтатты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Басылымның мәліметінше, аталған жоспарды Швейцарияның Давос қаласында өтіп жатқан Дүниежүзілік экономикалық форум аясында жариялау көзделген. Форум биыл 19-23 қаңтар аралығында өтіп жатыр. Осы алаңда АҚШ, Еуропа және Украина өкілдері жүргізген келіссөздердің қорытындысы бойынша құжатты келісіп, қол қою жоспарланған еді. Алайда қазіргі таңда бұл іс-шаралар кейінге шегерілген.
FT-дің дереккөзіне сүйенсек, қазіргі жағдайда ешкім АҚШ президенті Дональд Трамппен жасалатын келісімге ниетті емес.
"Қазір Гренландия төңірегіндегі тартыс пен Америка басшысының жариялаған "Бейбітшілік кеңесі" бастамасы Украинадағы соғысты реттеу мәселесін екінші орынға ысырып тастады", – деді басылым сұхбаттастарының бірі.
Бұған дейін, қаңтар айының басында бірқатар БАҚ Вашингтон мен Киевтің Украинаны соғыстан кейін қалпына келтіру жөніндегі 800 млрд долларлық келісімді дайындап жатқанын жазған болатын. Ол құжаттың Давоста қол қойылуы мүмкін екені айтылды.
20 қаңтар күні Украина президенті Владимир Зеленский Давос форумына тек АҚШ-пен қауіпсіздік кепілдіктері жөніндегі құжаттар, сондай-ақ "өркендеу жоспары" бойынша келісімге қол қойылатын жағдайда ғана қатысатынын мәлімдеді.