Парламент сенатының жалпы отырысында палата депутаттары Қазақстан Республикасының алдындағы Грузия үкiметiнiң берешегін қайтадан қайта құрылымдау жөніндегі келісімді ратификациялау туралы заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Грузия үкiметiнiң Қазақстан үкіметінің алдындағы борышы 27 млн 774 мың АҚШ долларын құрайды. Ол 1992-1993 жылдары екі елдің ұлттық банктері арасында өзара есеп айырысу нәтижесінде пайда болды және мемлекеттік несие ретінде қайта рәсімделді. Қайтадан қайта құрылымдау туралы келісімге сәйкес, Грузия тарапы Қазақстан алдындағы берешегін тиісті шарттар бойынша өтейді", - деді ҚР қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.
Белгілі болғандай, жылдық пайыздық мөлшерлемесі 4 пайыз деңгейде сақталады. Сонымен қатар берешекті өтеу кестесі бұрынғы кестенің мерзімінен кешіккені үшін жиналған өсімпұлды есепке алмайды және Париж клубы ұсыныстарына сәйкес ұзартылады.
"Осылайша, 2017 жылғы Келісімге сәйкес, 2017-2025 жылдардағы кезеңге Грузия тарапының төлемдер сомасы 37 млн 997 мың 815 АҚШ долларын құрайды", - деді қаржы министрі.
Жалпы отырыс барысында сенаторлар Қазақстан алдындағы өзге елдердің қарыздары жайында сұрады.
"Бүгінде осындай деңгейде екі елдің арасында толық есеп жасалып, келісімшартқа қол қойылған мұндай борыштар жоқ. Бұдан бұрын Әзербайжан мен Тәжікстан бізге осылай қарыз болған еді, бірақ олар өздерінің берешегін толық төлеп бітті. Сондықтан бүгін қаралып жатқан соңғы келісімшарт. Грузия тарапынан тиісті төлемдер келіп жатыр. Алдағы жылға да ешқандай қиыншылықты көріп тұрғанымыз жоқ. Әріптестеріміз келісім бойынша толық өзінің міндеттемелерін орындауға уәде беріп отыр", - деп түсіндірді Бақыт Сұлтанов.
Талқылаулардан кейін палата депутаттары заң жобасын қабылдады.