Грузия мен Әзербайжаннан көлік әкелгендерге ескерту жасалды

1362

Олар Қазақстанға уақытша көлік әкеліп, кедендік баж және тиісті салықтарды төлемей, автомобильді мемлекеттік тіркеуге қойған.

Грузия мен Әзербайжаннан көлік әкелгендерге ескерту жасалды

Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) Грузия мен Әзербайжаннан көлік әкелгендерге ескерту жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

МКК мәліметінше, соңғы уақытта кедендік баж және салықтарды төлеуден босатылған көліктерді елімізге әкелу дерегі жиілеп кеткен.

"Бұл көліктердің басым бөлігі Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аумағына Маңғыстау облысы бойынша МКД-нің өткізу пункттері арқылы уақытша әкелінген. Олар шетелдік тауарлар болып саналады (бұл көліктер ЕАЭО тауары емес) және кедендік бақылауда болады", - деп жазылған ведомство таратқан хабарламада.

ЕАЭО Кедендік кодексінің 264-бабы 6-тармағы және 275-бабының 2-тармағына сәйкес уақытша әкелінген көліктер декларанттың (әкелуді жүзеге асырған тұлға) иелігінде болуы тиіс.

Бірақ бүгінде Грузия мен Әзербайжаннан елімізге уақытша көлік әкелгендер кеден баж және тиісті салықтарды төлеуден жалтарып, автомобильдерді мемлекеттік тіркеуге қойған.

"Мысалы, шетел азаматтары Қазақстанға көлігін уақытша әкелгесін, белгілі уақыттан соң елден шығып жатыр. Бұл көбінесе Грузия мен Әзірбайжан азаматтары. Бұл олар көліктің кедендік баж және тиісті салығын төлемей, Қазақстанда тіркеп, Қазақстан азаматына беру үшін ЕАЭО аумағына әкелген деп пайымдауға негіз береді", - деп жазылған хабарламада.

Қазіргі таңда кедендік баж және тиісті салықтарды төлемей, елімізге әкелінген 156 көлік анықталған.

"Осыған байланысты МКК Қазақстан азаматтарына уақытша әкелінген көліктерді кедендік баж және салықтарды төлегеннен кейін ғана сатып алуға және пайдалануға болатынын ескертеді", - деп жазылған хабарламада.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу