Грузия Премьері Саакашвилидің революциялық жоспарын сәтсіз деп атады

747

Экс-президент әлі қамауда.

Грузия Премьері Саакашвилидің революциялық жоспарын сәтсіз деп атады

Грузия Премьер-Министрі Ираклий Гарибашвили сегіз жыл бойы жырақта жүріп отанына қайтқаннан соң тұтқындалған Экс-президент Михаил Саакашвилидің революциялық жоспарларын сәтсіз деп атады, деп хабарлайды Inbusiness.kz жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасап. 

Гарибашвилидің айтуынша, грузин қоғамы Саакашвилидің елге не үшін оралғанын талқылап жатыр. Кейбіреулері ол үкіметті биліктен кетіруді көздеп отыр деген пікірде.

"Саакашвили Грузияға түрмеге отыру үшін емес, мемлекеттік төңкеріс жасау мақсатымен келді деу қисынға келеді. Менің айтарым, Саакашвилидің революциялық жоспарлары жүзеге аспайды", – деді Гарибашвили.

Үкімет басшысының ойынша,  Саакашвили Грузияға оралудың салдары қандай болатынын болжай алмаған

Бұған дейін Экс-президенттің қорғаушысы Бека Басилая Саакашвили билікке қоғамдық қысым жасау арқылы босатылады деп мәлімдеген еді.

Михаил Саакашвили 2004 жылдың қаңтарынан 2013 жылдың қарашасына дейін Грузия президенті болды. 2013 жылы ол президенттік мерзімі аяқталуына бірнеше күн қалғанда елден кеткен еді. Осыдан кейін оған қарсы төрт қылмыстық іс қозғалды. Олардың екеуі бойынша үкім шығарылды. 2018 жылдың қаңтарында Тбилисидің қалалық соты Саакашвилиді 2006 жылы Грузияның Біріккен банкінің қызметкері Сандро Гиргвлианиді өлтіру ісіне байланысты үш жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. 2018 жылдың маусымында сот оны 2005 жылы депутат Валерий Гелашвилиді ұрып-соғу ісіне байланыс алты жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылдады.

Табиғат Нұрболат

Фото: kavkaz-uzel.eu

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу