Грузияда парламент сайлауы нәтижесімен келіспейтіндер наразылыққа шықты

152

Тбилисидің орталығындағы парламент ғимаратының жанында сайлаудың алдын ала қорытындысына қарсы наразылық шеруі өтті, оған сәйкес қазір билік басындағы "Грузин арманы" партиясы өз орнын сақтап, төртінші рет үкімет құруға мүмкіндік алды.  

Грузияда парламент сайлауы нәтижесімен келіспейтіндер наразылыққа шықты Фото: Liga.net

Оппозиция президенттікке ресми дауыс беру нәтижелерін мойындаудан бас тартып, Орталық сайлау комиссиясының қатысуынсыз жаңа сайлау өткізуді талап етуде, деп жазады inbusiness.kz сайты BBC-ге сілтеме жасап.

Тбилисидегі оппозиция митингісінде "Бірлік" – Ұлттық қозғалыс" көшбасшыларының бірі Гиоргий Вашадзе сөз сөйлеп, коалиция атынан "халықаралық сайлау әкімшілігінің басшылығымен" елде жаңа сайлау өткізуді талап етті.

Ол әкімшілік дегені нақты қандай ұйымды білдіретінін анықтап айтпады, бірақ оппозицияның Орталық сайлау комиссиясына сенбейтінін жеткізгісі келген сияқты.

"Үкіметпен келіссөздер халықаралық бақылаушылардың көмегімен жаңа сайлау өткізуге қатысты ғана болады", – деп қосты ол.

Наразылық акциясына ел президенті Саломе Зурабишвили де қатысты. Дүйім жұрт оны әнмен қарсы алды.

Оның мәлімдеуінше, бір адамды қоспағанда (Венгрия премьер-министрі Виктор Орбанға сілтеме жасаған болуы мүмкін - ред.) батыс елдерінің басшылары да сайлау нәтижелерін мойындамайды. Грузияның негізгі батыс серіктестерінің ешқайсысы әлі мұндай ашық мәлімдеме жасаған жоқ.

Митингке мыңдаған адам қатысты.

Жексенбі күні Грузияның Орталық сайлау комиссиясы парламенттік сайлаудың алдын ала мәліметтерін жариялады, оған сәйкес биліктегі "Грузин арманы" партиясы сайлаушылардың шамамен 54% дауысын жинады.

Төрт негізгі оппозициялық күштердің өкілдері парламент сайлауының нәтижесін мойындаудан бас тартып отыр.

"Күшті Грузия" оппозициялық коалициясының жетекшісі Мамука Хазарадзенің айтуынша, акция бейбіт түрде өтеді және одан әрі жоспар сонда жарияланады.

"Менің дауысым" үкіметтік емес ұйымдар тобы сайлау учаскелерінде 200-ден астам заңбұзушылық тіркеді.

Биліктегі партия заңсыздыққа қатысты айыптауларды жоққа шығарды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу