2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Грузияға баратын шетелдіктер үшін міндетті медициналық сақтандырудың жаңа режимі күшіне енеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты РБК агенттігіне сілтеме жасап.
Енді барлық шетелдіктерден Грузияда болатын мерзімі ішінде міндетті медициналық/туристік сақтандыру полисі талап етіледі. Ол шұғыл амбулаториялық көмек (жоқ дегенде 5 мың доллар) пен стационарлық емдеуге (кемінде 30 мың доллар) кететін шығындарды жабуы тиіс. Олардың ішіне оқыс жағдайлар, жарақаттар, күтпеген аурулар, медициналық эвакуация және репатриация кіреді. Осылайша шекара қызметтері шетелдіктерден әуежайларда да, жерүсті өткізу бекеттерінде де осы полистерді көрсетуін талап етуге құқылы. Егер сақтандыру полисі жоқ болса, онда елге кіруге тыйым салынуы мүмкін.
Келесі түзетулер қаржылық жауапкершілікке қатысты. Жаңа жылдан бастап Грузияда жүрген шетел азаматының сақтандыру полисі болмағаны үшін 300 лари көлемінде айыппұл салынады. Сонымен қатар тау туризмі, альпинизм, шаңғы және басқа да экстремалды іс-шараларды тиісті сақтандыру құжаттарынсыз орындаған жағдайда 500-1000 лари мөлшерінде айыппұл көзделген.
Егер құқық бұзушылық қайталанатын болса, бұл көрсеткіш 1000-2000 лариге дейін барады. Айыппұлды уақытында төлемеудің де салдары бар. Бұл жағдайда оның мөлшері екі есеге артады, сондай-ақ талаптарды жүйелі түрде елемеу елге кіруге шектеу қою немесе депортацияға әкелуі де мүмкін. Туроператорлар жаңа ережелер мен шектеулер туралы клиенттерді хабардар етуге міндеттеледі.