GTA ойыны 3,79 млрд доллар табыс тапты

1403

Әзірлеуші Rockstar Games бұл ойын-сауық индустриясы тарихындағы ең табысты старт екенін мәлімдеді.

GTA ойыны 3,79 млрд доллар табыс тапты Фото: theguardian.com

19 қарашада жарық көрген Grand Theft Auto VI (GTA 6) ойынының сатылым көрсеткіші алғашқы тәулікте 3,79 млрд доллар болды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

BBC мәліметінше, 2013 жылы шыққан жаңа GTA V ойыны нәтижесінен асып түсті. Алдыңғы бөлім алғашқы тәулікте шамамен 800 млн доллар табыс тапқан.

Әзірлеушілердің есебінше, GTA VI алғашқы тәулікте 3,79 миллиард доллар табыс әкелген. Ойын шықпай тұрып-ақ оны сатып алуға шамамен 32,5 миллион алдын ала тапсырыс берілген. 

"Әлемнің түкпір-түкпіріндегі ойыншылардың ыстық ықыласы бізді ерекше толқытты. Осындай тарихи сәттің қуанышын сіздермен бірге бөліскенімізге шексіз қуаныштымыз", – деді Rockstar Games президенті Сэм Хаузер.

Rockstar Games негізін қалаушы әрі президенті Сэм Хаузер ойыншыларға қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.

"Grand Theft Auto VI ойынының жарыққа шығуымен Rockstar Games тарихындағы жаңа кезеңге қадам басып отырмыз. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі ойыншылардың ықыласына шын жүректен ризамыз", – деді ол.

Ойын оқиғасы АҚШ-тың Майами қаласына ұқсас ойдан шығарылған Вайс-Сити қаласы мен Леонида штатында өрбиді. Басты кейіпкерлер – Джейсон мен Люсия.

GTA 6 ойыны 19 қарашада PlayStation 5 және Xbox Series X|S платформаларына шықты. Бұл – GTA V жарық көргеннен кейінгі 13 жыл ішінде ұсынылған серияның алғашқы жаңа бөлімі. Компьютерге арналған нұсқасының шығу мерзімі әзірге жарияланған жоқ.

Бұған дейін GTA ойыны шығар алдында геймерлер жұмыстан жаппай демалыс алғанын жазғанбыз. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу