Гүлмира Сатыбалды ісі: Жәбірленуші үйін қалай тартып алғанын сотта айтып берді

212

Алматыда Гүлмира Сатыбалдыға қатысты сот отырысы жалғасуда. 

Гүлмира Сатыбалды ісі: Жәбірленуші үйін қалай тартып алғанын сотта айтып берді Фото: arbat.media

Сот отырысында жәбірленушінің інісі қалай өз мүлікін беруге мәжбүр болғанын айтып берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жәбірленуші Абай Жүнісовтің бауыры Алтай Жүнісов ағасының түрмеде жатқанын үлкен ағасынан естіген. Оған ағасының "Baur Қазақстан" құрылыс компаниясынан ақша ұрлағаны үшін айыпталып жатқанын айтқан. Кейін онымен компания заңгері хабарласып, кездесуге шақырыпты.

Кездесуде Жүнісовтердің отбасы мүшелеріне мүліктері туралы мәлімет берулерін, әйтпесе жағдай қиындап кетуі мүмкін екені айтылған. Ер адамның айтуынша, кездесуге Гүлмира Сатыбалдының өзі де қатысып, ағасын босату үшін шарт қойған.

"Сосын маған Казимиров деген біреу телефон соғып, көрсетілген мекенжайға келіп, нотариустың алдында кездесуді өтінді. Қалқаман ықшамауданындағы үйім баламның атына тіркелгендіктен, ол жерге әйеліммен және ұлыммен келдім. Бұған дейін Baur Kazakhstan заңгері Жұмаділда ағамыздың бостандығы үшін мүлкімізді солардың атына жазып беруіміз керек екенін және барлығы шешіліп қойғанын айтқан. Біз келгенде бәрі дайындалып қойған еді. Бұрын менің үйім 100 миллион теңгеге бағаланған, бірақ келісім 50 миллионға жасалған. Маған қол қою ғана қалды. Содан Казимиров қол қойып, үй соған өтті. Ол қолма-қол 50 миллион ақша әкеліп, Baur Kazakhstan президенті Қабеновке берді. Мен одан ақшаны алғаны туралы қолхат жазуын өтіндім. Қолхат пен келісімшарт іске тіркелді", — деді Алтай Жүнісов.

Жәбірленушінің айтуынша, үйді қайта рәсімдеу схемасын Сатыбалдының атынан компанияның адвокаты жасаған. Жүнісовтің ағасының ломбардқа әлі 100 миллион теңге және тағы 9% комиссия көлемінде қарызы қалған. Алтай Жүнісовтің айтуынша, оларға мүліктерін кепілге қойған бойда ағасын бостандыққа жібереміз деп уәде берген, бірақ олай болмай, жағдай ушығып кеткен. 

Прокурор ер адамның мүлкін кепілге қоюға мәжбүр болғанын полицияға неге шағымданбағанын сұрады.

"Біздің бұл адамдармен туыстық байланысымыз болғандықтан шағымданбадық. Гүлмира Сатыбалдыға жаулығымыз болған жоқ. Біз оның айтқанының бәрін орындасақ, бәрі тез бітеді деп ойладық, бірақ іс кері кете бастады. Бұл компания жаңадан ашылғанда Гүлмира Қасым екеумізге жолығып, бірігіп жаңа компания ашамыз деді. Бірге жұмыс істеуді ұсынды. 2011-2019 жылдар аралығында компания жақсы нәтиже көрсетті, тиімді болды, барлық мәселелер мен қарыздар бір күнде пайда болған жоқ", – деді Алтай Жүнісов.

Алтай Жүнісовтің айтуынша, ол кепілге қойған үйін ағасының көмегінсіз өз қаражатына және Baur Kazakhstan компаниясына еш қатысы жоқ табысқа сатып алған. Артынша өз үйін 109 миллион теңге төлеп, үйін қайтарып алуға мәжбүр болған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу