Гүлшара Әбдіқалықова "Айбын" жастар жиынының ашылу рәсіміне қатысты

569

Гүлшара Әбдіқалықова "Айбын" жастар жиынының ашылу рәсіміне қатысты

Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова төртінші "Айбын" республикалық әскери-патриоттық жастар жиынының ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Қорғаныс министрлігі ұйымдастырған іс-шараға Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов, парламент депутаттары, Қазақстан Қарулы Күштерінің ардагерлері, "Жас сарбаз" әскери-патриоттық қоғамдық қозғалысы республикалық штабының мүшелері, мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер өкілдері, әскери-патриоттық клубтардың, республикалық "Жас Ұлан" мектебінің және облыстардағы әскери мектеп-интернаттардың 600-ден астам тәрбиеленушісі қатысты.

Гүлшара Әбдіқалықова Нұрсұлтан Назарбаевтың: "Мемлекет әрдайым өз қауіпсіздігін және шекарасының беріктігін ойлауға тиіс" деген сөзіне назар аударды.

"Сондықтан, әрбір қазақстандық әрдайым жауапты әрі мәртебелі миссияға – туған елін, Қазақстанымызды қорғауға дайын болуы керек деп санаймын. Бұл – кез келген азаматтың қастерлі борышы ғана емес, ең алдымен, Отан қорғау жолында мәңгілік даңққа, халық сүйіспеншілігіне бөленген бабаларға, әкелеріміз бен аталарымызға деген тағзым мен құрметтің белгісі", – деді мемлекеттік хатшы.

Ашылу рәсімінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің бөлімшелері жас патриоттарға әскери өнердің қимыл-әрекеттерін көрсетті.

Қарулы Күштер құрамына кіретін әскер түрлері өкілдерінің жиынға қатысушылармен "Ұлы дала әскері – "Мәңгілік Ел" тірегі!" атты тақырыптағы интерактивті кездесуі, сонымен қатар, "Айбын дарыны" зияткерлік ойыны, робот техникасы бойынша "Менің роботым" конкурсы, алау түбінде "Айбын жалыны" атты қызықты кеш, спорттың әскери-қолданбалы түрлерінен және жауынгерлік дайындық пәндерінен көптеген сайыстар ұйымдастырылды.

Тәрбиеленушілер "Айбын" республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны аясында әскери дайындық мектебінен өтіп, әскери техниканың және Қазақстан әскеріндегі қару-жарақтың заманауи үлгілерімен танысты.

Соңында мемлекеттік хатшы жиынға қатысушыларға сайыстардың жақсы өтуіне, әрдайым рух сергектігі мен ерік-жігерлерін көрсетуіне, ешқашан жеңістен үміт үзбей, Қазақстанның нағыз патриоттары болуына ниеттестігін білдіріп, толағай табыс тіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу