Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Масдар ғылым және технология институтының (БАӘ) ректоры Бехжат әл-Юсуф ханыммен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Мемлекеттік хатшы Қазақстанның Таяу Шығыстағы басты серіктесі ретінде Біріккен Араб Әмірліктерімен өзара қарым-қатынасты дамытуға баса мән беретінін айтты.
Гүлшара Әбдіқалықова 2017 жылдың қазанында екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 25 жыл толатынын айтты. Осы кезеңде бірлесіп атқарған жұмыс барысында орасан мол тәжірибе жинақталып, түрлі салада табысқа қол жетті.
Кездесуде тараптар Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасында ғылым және білім беру саласындағы ынтымақтастық аясын кеңейту, соның ішінде Араб өңіріндегі әйелдер ісі және технология орталығымен (CWTAR) бірлескен конференция, тренинг, семинар сияқты іс-шаралар өткізу мәселелерін талқылады.
Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктерінің жаңартылатын қуат көздері саласындағы саясатын толықтай қолдайды. Әмірліктердің "таза" энергияны ілгерілету арқылы экономикалық дамуға септігін тигізу тәжірибесі жақсы үлгі бола алады. Қазақстан – таяудағы онжылдықта өз индустриялық саясатының басты құрамдас бөлігі саналатын "жасыл" экономиканы енгізудің белсенді жақтаушысы.
Мемлекеттік хатшы халықаралық "ЭКСПО-2017" мамандандырылған көрмесі аясында биыл 31 тамыз – 1 қыркүйек аралығында "Әйелдер болашақтың энергиясын қолдайды" атты халықаралық форумы өтетінін хабарлады. Форумда баламалы энергетика және "жасыл" экономика саласындағы инновациялық идеяларды ілгерілетудегі әйелдің рөлі мен үлесі талқыланады.
Гүлшара Әбдіқалықова доктор Бехжат әл-Юсуфті форумға қатысуға шақырды және Масдар институтының жоғары технологиялық білім беру мекемелерінің бірі ретінде "жасыл" технологияны ілгерілетуге зор үлес қосатынына сенім білдірді.
"Біз Абу-Дабидің мұрагер ханзадасы шейх Мұхаммед бен Зейд әл-Нахаянның көрменің ашылу салтанатына, ал Біріккен Араб Әмірліктерінің вице-президенті, Премьер-Министрі, Дубай әмірлігінің билеушісі, шейх Мұхаммед бен Рашид әл Мактумның Біріккен Араб Әмірліктерінің ұлттық павильонының ашылуына қатысуын күтеміз", – деді кездесу соңында Гүлшара Әбдіқалықова.