Гүлшара Әбдіқалықова Шымкентте 11 көпбалалы отбасыға пәтер кілттерін табыстады

777

Бүгін ҚР Премьер-министрінің орынбасары бастаған үкімет өкілдері Шымкентке барды.

Гүлшара Әбдіқалықова Шымкентте 11 көпбалалы отбасыға пәтер кілттерін табыстады

Бүгін ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықованың басшылығымен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова, Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева, Құрылыс және тұрғын-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетовтен құралған үкіметтік жұмыс тобы Шымкент қаласына барды, деп хабарлайды primeminister.kz.

Ең алдымен, жұмыс тобы көп балалы аналармен, аз қамтылған отбасылармен, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт саласының қызметкерлерімен, азаматтық қоғам өкілдерімен кездесті.

Кездесуді ашқан Гүлшара Әбдіқалықова халыққа Елбасының "Әлеуметтік қамқорлық" жаңа әлеуметтік шараларын түсіндіру бойынша үкіметтік топтың міндеттері туралы хабарлады. Ол бұл жұмыс тобы барған тоғызыншы өңір екенін атап өтті және барлық облыстарда халық мемлекеттің жаңа әлеуметтік саясатына түсіністікпен қарап, қолдау білдіретінін айтты.

Кездесу барысында жұмыс тобының мүшелері өз бағыттары бойынша презентациялар жасады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі өнімді жұмыспен қамтуды дамытуға, жеке бизнеті ашуға жәрдемдесуге, жаңа форматта атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге көңіл бөле отырып, әлеуметтік қолдау шаралары туралы әңгімелеп берді.

Білім және ғылым министрі аудиторияға білім беру жүйесін жетілдіру шаралары, білім беру қызметкерлерінің жалақысының 1 маусымнан бастап 30%-ға дейін артатыны және қоғамдағы мұғалімдердің рөлін арттыру туралы ақпарат берді.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева медициналық қызметтердің сапасын арттыру, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті күшейту мәселелеріне тоқталды.

Құрылыс және тұрғын-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов жалдамалы тұрғын үй салу және бөлу мәселелеріне тоқталып, тұрғын үй заемдарының жеңілдікті механизмін атап айтты.

Кездесу кезінде жұмыс тобының мүшелері залдағы қала тұрғындарының сұрақтарына жауап берді.

Кездесу соңында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова 11 көп балалы отбасыға "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған жаңа пәтер кілттерін табыстады.

Күннің екінші жартысында үкіметтік топ Түркістан облысына шықты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу