Туризм және спорт министрлігі жыл басынан бері лотерея қызметі туралы заңнаманы бұзып, әкімшілік жауапқа тартылған аккаунттардың тізімін жария етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Белгілі болғандай, тізімде 2026 жылдың 8 айында осындай бұзушылықтарға жол берген блогерлердің парақшалары көрсетілген. Олар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (ӘҚБтК) 445-1-бабының 6-бөлігі бойынша жауапқа тартылған. Мәселен, әнші Қайрат Нұртастың анасы, продюсер Гүлзира Айдарбековаға 50 АЕК немесе 196 600 теңге көлемінде айыппұл салынған. Instagram-да 1,3 млн оқырманы бар блогер Аружан Әбіл 150 АЕК (648 750 теңге) мөлшерінде айыппұл арқалаған. Сол сияқты актриса Әсел Асқарға да 648 750 теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Блогер Елдос Қадірханов (@eldos_kalabok аккаунты) та әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оған салынған айыппұл мөлшері 150 АЕК-ке тең.
Министрлік жариялаған тізімде Aekaposh лақап атымен танылған блогер Айым Алтынбекованың, сонымен қатар 2,9 миллион жазылушысы бар блогер Жанерке Елшіннің де аты аталады. Оларға да 648 750 теңге мөлшерінде айыппұл салынғаны көрсетілген.
Кестеде барлығы 69 аккаунттың атауы бар. Онда блогерлердің парақшаларынан бөлек, коммерциялық аккаунтар да бар.