Гвинеяда қоқыс полигонындағы көшкіннен 30 адам мерт болды

504

Оқиға орнына құтқарушылар мен арнайы техника жұмылдырылды.  

Гвинеяда қоқыс полигонындағы көшкіннен 30 адам мерт болды Фото: report.az

Гвинеядағы қоқыс полигонында болған көшкін салдарынан кем дегенде 30 адам қаза тауып, 22 адам жарақат алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Euronews-ке сілтеме жасап.

Үкімет үйінді астында қалуы мүмкін адамдарды іздестіру мен қаза тапқандардың денесін шығару үшін үшін барлық ресурстар жұмылдырылғанын хабарлады. 

Оқиға түнгі сағат екіде ел астанасы маңындағы Гбессия ауданына қарасты Дар-эс-Салам мөлтек ауданында болды. Толассыз жауған жаңбырдан кейін қоқыс тауы ойылған. Сел ағыны бірнеше тұрғын үйді, шатырлар мен уақытша баспаналарды қиратып кеткен. Үкімет зардап шеккендер арасында 6 адамның жағдайы ауыр екенін, тағы 16 адам жеңіл жарақат алғанын хабарлады.

Премьер-министр Амаду Ури Бах оқиға орнына барды. Зардап шеккендерге барлық қажетті көмек көрсетілетіні белгілі болды. Құтқарушылар мен арнайы техника үйінді астын тінтіп, іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Дар-эс-Саламдағы қоқыс полигоны – ел астанасы Конакридің шетіндегі ең ірі ашық қоқыс алаңы. Апатқа дейін бірнеше күн бұрын билік өкілдері полигон маңындағы тұрғындарды көшіру туралы өкім шығарған болатын. Көпшілігі кеткенімен, апат болған уақытта онда қалып қойғандар да болған.

Дар-эс-Салам ауданының тұрғындары AFP агенттігіне сұхбат берді. Белгілі болғандай, олар қайғылы оқиғаға дейін бірнеше ай бойы биліктің назарын төніп тұрған қауіпке аударуға тырысқан. Алайда мәселе шешілмеген көрінеді.

Гвинея – пайдалы қазбаларға бай мемлекет. Сонымен қатар алюминий өндірісінің негізгі шикізаты – боксит қоры бойынша әлемде көш бастап тұр. Бұдан басқа темір кені, алтын, алмаз және басқа да минералдардың кен орындары да бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу