Ұлттық экономиканы индустрияландыру үшін қабылданып жатқан шараларға қарамастан, оның шикізаттық сипаты аса өзгере қойған жоқ. Үкіметке экономиканың жаңа моделін құру міндеті жүктелді. Қосылған құнның орнықты тізбегі оның негізіне айналуы керек. Бұл бағытта мұнай сервисі мен мұнай химиясы салаларының (пластик, көміртекті нанотүтікшелер, көміртекті талшықтар, графен өндірісі) әлеуеті зор.
Кеңестің бірінші отырысында мен Үкіметке ғылыми институттар мен университеттердің ресурстарын жұмылдыра отырып, ғылымның ашық әрі қолданбалы моделіне көшу жөніндегі кешенді шараларды іске асыруды тапсырған едім. Ғылыми жобаларда академиялық сұраныстар ғана емес, ел дамуының стратегиялық мақсаттары мен экономиканың қажеттіліктері де ескерілуі керек. Ол үшін үздік халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, зерттеудің нақты басымдықтарын айқындау қажет"
"Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландырудың мәні зор. Мысалы, ғалымдардың зерттеулерін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы шығындарды азайту, ресурс үнемдейтін технологияларды енгізу, сондай-ақ климаттық ерекшеліктерімізді ескере отырып, жолдарды жөндеу және салу үшін пайдалануға болады. "Қарапайым заттар туралы ғылым" белсенді дамуға тиіс. Ол үшін ғылыми қоғамдастық пен бизнес арасындағы өзара ықпалдастықтың тиімді тетіктерін жолға қою қажет.
Әкімдіктер жанынан осы бағыттағы міндеттерді шешуге ықпал ететін ғылыми кеңестер құрған жөн. Ғылыми зерттеулердің нәтижелерін өндіріске кеңінен енгізу процесіне еліміздің барлық өңіріндегі ірі кәсіпорындар тартылуға тиіс.
Бүгінгі көрмеде мен ғалымдарымыздың өнімді қайта өңдеу деңгейін арттыруға қосқан нақты үлесін көрсететін бірқатар жобамен таныстым. Мұндай сәтті тәжірибені кеңінен тарату керек. Бұл іске еліміздің барлық өңіріндегі ірі өндіріс компанияларының қатысуы маңызды. Үкімет ғылым саласындағы шығындарға салықтық және инвестициялық жеңілдіктер беру арқылы бизнесті ынталандыруды жалғастырғаны жөн", - деді Мемлекет басшысы.