Қазақстандық ғалым күн энергиясымен теңіз суын тұщыландыру жүйесін әзірлеуде

311

Жоба "Жас ғалым" бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр.  

Қазақстандық ғалым күн энергиясымен теңіз суын тұщыландыру жүйесін әзірлеуде Фото: gov.kz

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің "Ғылым – қоғам игілігіне" айдары аясында қазақстандық ғалымдардың ғылыми жобалары туралы материалдар топтамасы жалғасуда, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайту және төмен көміртекті экономикаға көшу мақсатында Yessenov University-де сутегі энергетикасы, жаңартылатын энергия көздері және орнықты энергетика бағыттарында ғылыми зерттеулер жүргізілуде.

Осы бағыттағы жұмыстарды университеттің жас ғалымы, PhD доктор, "Энергетика" кафедрасының меңгерушісі Дінмұхамбет Баимбетов жүзеге асырып отыр.

Ғалымның зерттеулері сутегі технологиялары, энергия үнемдеу және су тазарту салаларын қамтиды. Атап айтқанда, сутегіні өндіру, сақтау және пайдалану, сондай-ақ газ-сутегі қоспаларын энергетика мен көлік саласында қолдану мүмкіндіктері зерттелуде.

Сонымен қатар, жас ғалым күн энергиясын пайдаланып, жылу сорғыларымен біріктірілген теңіз суын тұщыландыру жүйесін әзірлеу және модельдеу бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл зерттеу "Жас ғалым" бағдарламасы аясындағы гранттық жоба шеңберінде іске асырылуда.

Жоба нәтижелері тұщыландыру жүйелерінің тиімділігін арттыруға, энергия шығынын азайтуға және оларды Маңғыстау өңірінің климаттық жағдайына бейімдеуге бағытталған.

Айта кетейік, зерттеу барысында термодинамикалық талдау, сандық модельдеу және эксперименттік сынақтар жүргізіледі.

Yessenov University-де жүзеге асырылып жатқан бұл ғылыми жобалар еліміздің энергетикалық әлеуетін арттыруға және жасыл технологияларды дамытуға үлес қосады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу