"Болашақ" бағдарламасының ақпараттық жүйесі мен шекара қызметінің "Бүркіт" атты базасы интеграцияланды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысынан кейінгі брифингте айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Болашақпен" оқыған бүкіл стипендия иегерлеріне бұл талаптар сақталады. Олардың тізімін шекара қызметіне береміз. Шекараға кіргенде не шыққанда бізге бірден сигнал түседі. Бүкіл стипендия иегерлеріне ашық ескертіп қояйын. Біліп жүрсін. Енді біз кім шықты, кім келді, кім қайтқан жоқ – бәрін біліп отырамыз", - деді министр тілшілердің сауалына берген жауабында.
Журналистер министрден "Болашақ арқылы оқып келген, бірақ борышын өтемеген қазақстандықтардың саны қанша?" деп нақтылады.
"Өкінішке қарай, ондай түлектеріміз бар. Біз былтыр кімнің шетелде қалып қалғанына байланысты үлкен аудит жүргіздік. Қазір "Болашақ" бағдарламасының ақпараттық жүйесі мен шекара қызметінің "Бүркіт" деген базасы ұштастырылды. Енді кім қайда шықты, шекарадан қалай өтті – бүкіл ақпарат бізге енді жететін болады. Борышын өтемей жүрген 200-300 шамасында адам айқындалды", - деді Саясат Нұрбек.
Сөзінше, мұндай түлектер бірден стипендиядан айырылады.
"Соттың шешімімен не екіжақты келісімшарттың нәтижесінде ақшаның барлығын бюджетке қайтарады. Бұл жұмыс бір жүйеге келтірілді. Мынадай бір қулық болды. Қазақстанда бір компанияда тіркеледі, сол компанияның есебін бізге жіберіп тұрды. Мұны салық органдарымен айқындайтын боламыз. Ол минималды салықты төлеп тұрғанда сол жерде формалды түрде тұрғаны бірден белгілі болады. Кейде түлектер ауылдық жерлерге шығып кетеді. Себебі ауылдарда жұмыс өтілі – бес жыл емес, үш жыл. Ауылдық жерлердегі бір мекемеде тіркеледі еді, өзі қалада жұмыс істейді. Енді біз тек қана бірінші жұмысында тіркелген салықтарды ғана қабылдайтын болдық", - деді министр.
Ведомство басшысы қазір талаптар күшейгенін айтты.