Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Halyk Bank жоғары білімді дамыту және студенттерге жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру бағытында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Серіктестіктің негізгі бағыттарының бірі – студенттердің жасанды интеллект пен технологиялық кәсіпкерлік саласындағы құзыреттерін дамытуға арналған AI-Sana бағдарламасын қолдау.
Бағдарлама аясында студенттер заманауи технологияларды меңгеріп қана қоймай, алған білімдерін тәжірибеде қолдануға, жасанды интеллект және технологиялық шешімдер әзірлеуге мүмкіндік алады. Сонымен қатар кәсіпкерлік дағдыларын дамытып, нақты міндеттермен жұмыс істеу тәжірибесін жинақтайды.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жасанды интеллект саласына білікті мамандар даярлау мен студенттердің технологиялық құзыреттерін дамыту жоғары білім беру жүйесінің маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өтті.
"Бүгінде жасанды интеллект экономиканы, ғылым мен білім беруді дамытудың негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналып келеді. Осыған байланысты жоғары білім беру жүйесінің алдында өзгерістерден озып, жасанды интеллектіні тиімді пайдаланып қана қоймай, оның негізінде жаңа технологиялар, өнімдер мен шешімдер жасай алатын мамандар даярлау міндеті тұр. AI-Sana бағдарламасы дәл осы мақсатқа бағытталған. Біз студенттер үшін базалық ЖИ-құзыреттерді игеруден бастап, өздерінің технологиялық жобаларын іске асыруға дейінгі мүмкіндіктерді кезең-кезеңімен кеңейтіп келеміз. Бұл ретте білім беруді экономиканың нақты міндеттеріне жақындатуға және алған білімді тәжірибеде қолдануға қосымша мүмкіндік беретін бизнестің қатысуы аса маңызды. Halyk Bank-пен ынтымақтастық осы бағытты күшейтіп, AI-Sana экожүйесін практикалық нәтижеге және жастар арасында технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға одан әрі бағдарлауға мүмкіндік береді", – деді Саясат Нұрбек.
Меморандум аясында тараптар кәсіби және цифрлық дағдыларды дамыту, жоғары білім сапасын арттыру және университеттердегі инновациялық ортаны нығайту бойынша бірлескен жұмыс жүргізеді.
Сонымен қатар Қазақстан жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының ұлттық рейтингін дамытуға бағытталған бастамаларға қолдау көрсетіледі. Бұл білім сапасын бағалаудың ашықтығы мен объективтілігін арттыруға және бәсекеге қабілетті білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған.
Серіктестік университеттер мен бизнес арасындағы байланысты да күшейтуді көздейді. Жұмыс берушілердің қатысуы білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының талаптарына бейімдеуге және студенттер арасында технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік береді.
"Бүгінде жасанды интеллект тек технологияларды ғана емес, білімге, мамандықтарға және жалпы білім беру тәсіліне қойылатын талаптарды да өзгертіп жатыр. Қазақстан үшін жас мамандардың жаңа технологияларды пайдаланушылар ғана емес, олардың негізінде өз шешімдерін, өнімдері мен бизнестерін жасай алуы маңызды. Ол үшін студенттерге практикалық білім, нақты міндеттермен жұмыс істеу мүмкіндігі және бизнеспен тығыз өзара іс-қимыл қажет. Halyk озық идеялар мен талантты жастардың Қазақстанда дамуына мүмкіндік жасауға мүдделі. AI-Sana бағдарламасын қолдау және Министрлікпен ынтымақтастықты кеңейту арқылы біз, ең алдымен, адами капиталға және еліміздің болашақтағы бәсекеге қабілеттілігіне инвестиция салып отырмыз", – деп атап өтті Halyk Bank басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова.
Келісім жоғары білім беру, жасанды интеллект және технологиялық кәсіпкерлік бағыттарындағы бірлескен жұмысты одан әрі жалғастыруға негіз болады. Тараптардың ортақ бастамалары студенттер мен университеттердің мүмкіндіктерін кеңейтіп, білім беру ұйымдары мен бизнес арасындағы байланысты нығайтуға бағытталады.