Елімізде студенттік жатақхана салу тиімді кәсіпке айналмақ. Ғылым министрлігі Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп тиісті мемлекеттік тапсырысты орналастыру тетігін қайта қарады.
Оның мерзімі сегіз жылдан алты жылға дейін қысқартылып, жатақханадағы бір орынға мемлекеттік тапсырыс мөлшері Алматы қаласы үшін 144-тен 230 АЕК-ке, ал қалған өңірлер үшін 122-ден 195 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.
Мерзімі өткеннен кейін нысан құрылыс салушының меншігінде қалады, бірақ ол 20 жыл бойы нысанның мақсатын өзгерте алмайды. Бұл ретте құрылыс салушы "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы жұмыс істеу үшін субсидияланған несие ала алады.
"Жеке секторды несиелеудің түпкілікті мөлшерлемесі "Қарапайым заттардың экономикасы" бағдарламасы бойынша 7 пайызды және "Бизнестің жол картасы - 2025" бағдарламасы бойынша 6 пайызды құрайды", - делінген хабарламада.
Жаңартылған механизм орын тапшылығы мәселесін шешіп қана қоймай, жатақханаларды мақсатты түрде салу мен күтіп ұстауға бөлінген бюджет қаражатын үнемдеуге, сондай-ақ жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді