Мысалы, тарих ғылымдарының докторы Хангелді Әбжанов "19 жыл қиналған, ыдыраған ғылым академиясы енді қайта түлейді" деп қуанышын жасырмады.
Профессордың сөзінше, Ғылым академиясы қоғамдық бірлестік болғалы, кім көрінген академик мәртебесін алған. Оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер де бар екен. Сондықтан олар министрліктен бөлінгісі келеді.
"Бұған дейін бет-бетімен кеткен институттар бірігетін болады. Жалған ғалымдардың дәурені тоқтайды", – дейді академик.
МЕКТЕП БІЛІМІ МЕН ҒЫЛЫМ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖЕКЕ ҚАРАСТЫРЫЛУЫ КЕРЕК ПЕ?
Осы ретте, әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерінде білім мен ғылым саласы жеке министрлік ретінде қызмет ететінін айта кетейін. Мәселен, 1979 жылы АҚШ-тың бұл саласы білім, денсаулық және әлеуметтік қорғау министрлігінен бөлініп шықты. Ал мұндай шешім Ресейде осыдан төрт жыл бұрын қабылданыпты.
Мәскеулік мамандар "бұл қадам басшылықты ғылым қауымдастығын толғандыратын мәселелерге баса назар аударуға мүмкіндік берді" деген пікірде.