Қазақстанда ғылым саласына тартылған жеке инвестиция көлемі 20 млрд теңгеден асты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Министрдің айтуынша, ғылым мен білім саласындағы басты басымдық – адам капиталы. Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл 576 жас ғалымға тұрғын үй кілттері табысталды. Сонымен қатар білім беру гранттарының саны 93 мыңға дейін ұлғайып, шәкіртақылар артты, жаңа студенттік жатақханалар салынуда. Бұл шаралар ғылым мен білімді жүйелі түрде қолдауға бағытталған.
Саясат Нұрбек студенттердің халықаралық деңгейдегі жетістіктеріне де тоқталды. Оның айтуынша, 2025 жылы қазақстандық студенттер құрамасы халықаралық универсиадада 23 медаль жеңіп алған. Министр бұл нәтижелерді жастардың ізденісі мен әлеуетінің айқын көрінісі деп бағалады.
Министрдің мәлімдеуінше, 2025 жыл Қазақстанның ғылымы мен жоғары білім жүйесі үшін мазмұнды әрі нәтижелі кезең болды. Қазіргі уақытта 267 ғылыми жоба іске асыру сатысында тұр. Ғылым мен экономиканың байланысы нығайып, жаңа R&D орталықтары ашылды. Металлургия, энергетика, жаңа материалдар мен болашақ технологиялар бағытында қолданбалы әзірлемелер жүзеге асырылып жатыр. Кейбір ғылыми шешімдердің әлеуеті ондаған миллиард доллармен бағалануда.
Сондай-ақ министр халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштерге назар аударды. QS World University Rankings 2026 тізіміне Қазақстанның 20 жоғары оқу орны енген. Ал Назарбаев Университеті алғаш рет әлемнің үздік 500 университетінің қатарына кірді. 2025 жылы елімізде жетекші шетелдік университеттердің 9 филиалы ашылып, жалпы саны 40 стратегиялық халықаралық серіктестік жұмыс істеп тұр.
– Алда 2026 жыл тұр. Бізді жаңа міндеттер мен жоғары жауапкершілік күтіп тұр. Әрбір азаматқа мүмкіндік беретін, ашық әрі заманауи ғылым мен білім жүйесін қалыптастыруды жалғастырамыз. Бұл – ел болашағына салынған ең маңызды инвестиция, – деді министр.